Ескі көліктен қалай құтыламыз?

Ескі көліктен қалай құтыламыз?

"Темір тұлпарлар" да тозады. Ал ескі көліктерді қайткен жөн? Елімізде өткен жылдың 21 қара­шасынан бастап ескі көліктерді қабылдайтын жоба бас­тал­ғаны белгілі. Сонымен, көне көліктерді қайда, қалай өткізу керек?

Көліктер қалай қабылдануда?

Елімізде өткен жылдың 21 қара­шасынан бастап көне көліктерді қабылдайтын қанатқақты жоба бас­тал­ғаны белгілі. Бір жарым айға жет­пейтін уақыт ішінде жобаның аяқ алысы, автокөлік иелерінің ықылас-ынтасы жаман емес екені байқалды. Мәселен, Шымкенттегі қабылдау орталығында 661 автокөлік жиналса, Қостанайда 672 адам көлігін «қо­рымға» өткізіпті. Ал Ақтөбеде 412 машина тапсырылған.

Энергетика министрлігінің мәлі­метіне сенсек, қабылданған көлік­тер­дің орташа «жасы» 25-30 жыл екен. Бірінші санат, яғни қаңқасы сау, есік, капот, жүксалғыштың қақпағы сынды негізгі бөліктері, коробка, радиатор, аккумулятор, дөңгелек сияқты ірі бөл­шектері сау көліктер 150 мың теңгеге бағаланған. Тек 2 көлік қана 2-санатқа жатқызылып, 48 мың теңге төленіпті.

16 қаңтардан бастап «ӨКМ Опе­ра­торы» ЖШС тозығы жеткен көлік құралдарын өткізуді ынталандыру бағдарламасын толығымен іске қос­пақ. Жоба сол күнге дейін уақытша тоқтап тұр. Қалалар мен ондағы қа­был­дау орындарының мекен-жайы, телефондары сияқты тиісті ақпараттар ғаламторға салынған. Біз Астана­дағы орталыққа автокөлік иесі ретін­де хабарласып көрген едік. Қазір барлық орталықтарда көне көліктерді бағалау және қабылдауды жетілдіру бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. 16-сы күні хабарласыңыз. Қажетті құжат­тар, машинаға қойылатын талап­тар компанияның сайтында, БАҚ-тар­да хабарланады, деген жауап алдық. Халыққа ыңғайлы болуы үшін, «ӨКМ Операторы» электронды кезек жүйесін енгізіп, ескі көліктерді жинайтын бекеттердің кестесін де жасамақшы көрінеді.

Ескірген машинаның ендігі күйі

Қайта кәдеге жарату зауытына тап­­сы­рылған көліктерге не болады? Алды­мен оны өлшейді, радиациялық әсері тек­серіледі. Содан соң қауіпті деген май, басқа да сұйықтықтары ағызылып, акку­­муляторы алынып, резеңке заттары ағы­тылып тасталады. Кәдеге жарауы мүм­кін, бүтін деген бөлшектері де бөлек алынады. Сосын, шредерде ұсақталып, металл күйінде балқыту зауытына жіберіледі.

Жалпы, 1 литр машина майының 200 тоннаға тарта топырақты ластап, ол жерді ондаған жыл бойы пайдалануға жарамсыз етіп тастайтыны ғылымда дәлелденген. Оған жыл сайын жарамсыз болып қалатын 90 мың тоннаға жуық дөңгелек шинаны қосыңыз. Осы сияқты қоршаған ортаға зиян келтіретін заттар көне көліктерді кәдеге жарататын жерлерде жиналса, құрылыс мақсаттарына қолданылса, зиянның орнына пайда көруге болар еді.

Жуырда, Қарағандыда «Recycling Company» ЖШС қолданыстан шық­қан көліктерді кәдеге жаратумен шұғыл­да­на­тын зауыт салынатыны белгілі болды. Зауыт­тағы италиялық қондырғының кө­ме­гімен сағатына 20-25 көлікті, әр ауысым сайын 150 жеңіл көлікті үгітіп, жыл сайын 50 мың автокөлікті шикізатқа айналдыруға болады екен. Яғни, көлігінен құтылғысы келетіндер болса, қол ұшын беретін зауыттарға кенде болмаймыз.

Ал «ӨКМ Операторы» ЖШС-ның тозығы жеткен көлік құралдарын ынталандыру бағдарламасы бірнеше күннен кейін, яғни 16 қаңтардан бастап еліміздің 17 қаласында толығымен іске қосылады. Қанатқақты жобаның аясында әр қалада жүздеген көліктердің тапсырылғанын ескерсек, «қартайған» көліктерінен құтылуға асығатындар қатары аз болмайтын сыңайлы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Ораза кестесі 2024 жыл. Астана, Алматы, Шымкент т.б. ауыз бекіту және ауызашар уақыты
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу

Соңғы жаңалықтар:
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!
» 2024 жылы студенттердің стипендиясы қанша теңгеге өседі