Қыз ұзату тойына құттықтау сөздер мен тост тілектер топтамасы

Қыз ұзату тойына құттықтау сөздер мен тост тілектер топтамасы

Мазмұны:


Қыз ұзату тойға тілек (әпкеме, сіңіліме)

Ғұмырыңыздың жарқын шақтары мен бақытты сәттері мол болсын. Өмір Сізді тек жақсылықтар мен қуаныштарға жетелесін. Ибалы келін атанып, сол ауылдың алтын босағасында аман-есен жүре беріңіз.

Болашақтың ақ таңдарын бақытпен қарсы алып, барлық ізгі армандарың орындала берсін. Өмір жолында серіктерің сәттілік, жолдастарың жақсылық болсын.

«Бақыт деген досыңның – қабағында, жарыңның – жанарыңда» дейді. Осындай өмірлік дос болып өтіңіздер. Жүздеріңізден шаттық пен күлкі үйіріліп, көл бетіне өрнек салған аққудай бақыт бесігінде қуанышты серік етіп, тербеле беріңіздер!

Қуанамын неге бүгін соншалық
Шаттанғаннан келіп жетті бір шабыт
Қиясына ұшқалы отыр тәтеміз
Көңілде бір қимастық бар қайтеміз

Қадамыңыз бүгінгі құтты болсын
Қыдыр дарып отауға бақыт қонсын
Көтерген жездемізбен шаңырақтың
Ішіне қуаныш пен күлкі толсын

Ұлдарды нәсіп етсін ақылды ұдай
Қыздарды нәсіп етсін күн мен айдай
Отаудың берік қылып босағасын
Біздерге болыңыздар жаққан шамдай

Көктемнің күлімдеген күніндейсіз
Дүниенің ең шырайлы гүліндейсіз
Папасы мен мамасының асыл қызы
Әрқашан жездемізбен бір жүргейсіз!

Өмірде ең бақытты жан болыңыз!
Мәнді де даңғыл болсын бұл жолыңыз!
Мәңгілік бір - біріңе ғашық болып
Көңілі туыстардың жүрсін толып!



Қыз ұзату тойына арналған құрбыма әдемі құттықтау тілек

Құрбының тілегі
(Тұрмысқа шығып жатқан бойжеткенге құрбысының тілегі)

Уақыттың бірге жылжып күндері,
Жылыстайтын әр кезеңмен жыл легі.
Ортақ еді біздің салған әніміз,
Таңымыз да қарсы алатын бірге еді.

Бірге еді армандардың оттары,
Сыр да ортақ қиял қуған шақтағы.
Бірақ бізді қыз - бақытқа апарар
Уақыттың бөлек еді соқпағы.

Міне, құрбым, сол бақытқа беттедің,
Маған қымбат - сен шаттыққа жеткенің.
Тұрмыс құру тұғырлы жол өмірде,
Қыз ғұмыры қарсы алғандай көктемін.

Туған үйің әлпештеп еді сені де,
Келін болдың сүйіктіңнің еліне.
Сол өмірде бақытты бол жарыңмен,
Көктеміңнің көтеріл де көгіне.

Сол көктемің болсын қымбат, ғұмырлы,
Шын сыйлаңдар бірің әр кез біріңді.
Тұрмыс жолда тұмар тағып бақыттан,
Қуанышпен атқыз әрбір күніңді.

Әрбір сәтің бақытпенен көктесін,
Жүзіңнен тек шаттық күлкі кетпесін.
Әрбір таңың ашық болып атсын да,
Әрбір жылың той - думансыз өтпесін.

Думан күнді бірге қарсы алыңдар,
Арман жолға ортақ бірге барыңдар.
Отауларың құтты болсын көтерген,
Мына өмірде тек бақытты болыңдар.

Сыры да ортақ, жыры да ортақ үнемі
Осы саған құрбыңның ақ тілегі.
Сенің осы бақ жолыңа жүрегі
Барлық, барлық жақсылықты тіледі.


Авторы: Ғабиден ҚОЖАХМЕТ


Қажетті сілтемелер:




Қазақ қызын қашанда қадір тұтқан. Қасиетке балаған. Төрін ұсынған. Себебі, қыз - өріс. Қыз – кие. Қыз – ұлтының ұяты. Қыз – халқының шырайы. Қыз - өмірдің бастауы. Қыз – тіршіліктің тірегі.

Бұл қасиеттер қыз ғұмырдың пешенесіне әуел бастан-ақ бұлжымастай етіп жазылғандай. Ал сол ақ үрпек балапанын аялы алақанынан ұшырарда қай ата-ананың болмасын көңілі тоқып, жан тебіренісіне түсері хақ. Сосын өзегін жарып шыққан балапанына: «Құтты орныңа қонып, бағың ашылсын!» деп Жаратқаннан тілек тілеумен болады.


Міне, бүгін қызымыз ата-ана ұясынан ұшып, жүрегінің қалауымен өмірлік серігі ......(аты) қол ұстасып, қызығы мен қиындығы қатар үлкен өмір жолына аттанды. Сөйтіп ата-анасының өрісін кеңейтті.

Отбасын құру – үлкен абыройлы іс. Абыройлы іске биік рух керек. Барған жеріңде бағың ашылсын, шаңырағың биік, босағаң берік болғай! Екеуің қазақтың үлгі тұтар отбасына айналыңдар!


Қыз ұзату тойына арналған өлең

Шаңырақтың шырағысың шаттығы,
Текті жердің тұяғысың ақ гүлі.
Мың жыл құда болуға да атты күн,
Екі жасқа құдай берсін бақ бүгін.
Әке-шешең арнап отыр жыр ағын,
Кәусар таза мөлдіреген бұлағым,
Барған жерге судай сіңіп, ұнағын,
Бақытты бол, бақытты бол, шырағым.



Көкірегі сырға толы күй-дастан,
Алатаудай арманы бар жүздеген,
Өзі өскен ортасына сыймастан
Түзден бақыт іздейді екен қыз деген.

Тағдыры оның суық қарап, сыздана,
Шешімі ауыр сын артқанмен санаға.
Көктемдегі қарлығаш қой қыз бала,
Айналатын шуақ шашқан Анаға!


Пайдалы сілтемелер:


Қыз ұзату тойына қысқа тілек

Айжанымыз ақ босағасынан ұзатылып, Мағжан есімді өзінің өмірлік серігін тапты. Жас жұбайларға қашанда жандарыңа жақсылық серік болсын, өмір өткелінен қол ұстасып бірге өтіңдер деп тілек білдіреміз.


-------------- -------- ---------

Ердің бағы - жарынан. Жақсы әйел ерінің есіктегі басын төрге сүйрейді, жаман әйел ерінің төрдегі басын көрге сүйрейді. Еріңді үй азаматы емес, ел азаматы қылу сенің зайыптылық парызың. Сондықтан, бұдан былай үйдегі еркелікті тастап, қыз көңілден қайтқайсың, зайыптылық өмірге байыппен аяқ басқайсың.



Қонақтан кетпей төрлерің,
Ісіңнің таппай ел кемін.
Тамсан мақтап көп адам
Баса алмай жүрсін шөлдерің.

Қалаулы бол халыққа,
Еңбектен еш жалықпа.
Қосылған сүйіп жарыңмен
Аққудай мәңгі қалықта.



Адамның бір қызығы бала деген,
Баласыз көңіл шіркін толар ма екен.
Дүбірлі той жасамай баласына,
Қазақтың жағасы жайлауына қонар ма екен.

Құтты болсын шалқар тойың,
Тарқамасын үйіңнен қызық-ойын.
Бақытына кенеліп екі жастың,
Тола берсін ырысқа қоныш-қойның.

Ақ тілегің ақтарылған бүгін дәйім,
Қабыл болсын ниеттер ылғидайын.
Түгенделген ұлыңның үш жұртының,
Ынтымағы жарассын барған сайын.

Кенелген көкірегіме тілегімді,
Білесің ақ көңіліммен тілерімді.
Ұрпағың ұрпағыңа ұлассын деп,
Ұсындым ақ тілеулі жүрегімді!!!



Бізге бақыт сыйлады атқан таң мен батқан күн,
Бүгін, міне, аға боп үлкен міндет атқардым.
Қадірменді, ел-жұртым, сіздерменен мақтандым,
Қарындасым, батамен өз үйіңнен аттандың!
Талай ойлар жинадым сенің осы кешіңнен,
Аман-есен болғайсың кедергі мен кесірден.
Қайратымның артында інісі жоқ еді деп,
Білесің бе, сені апаң ұл бала етіп өсірген.
Жаны кемтар әкеңді аяладың, Мәрия,
Жапырақ жүрек ағаңды саяладың, Мәрия.
Арттан ерген төрт бірдей бауырыңды мәпелеп,
Мейірімнің жылуын аямадың, Мәрия.
Құрметті сен көрдің ел жұртымнан мен көрген,
Аман болсын атажұрт ақ бесік боп тербелген.
Алыс пенен жуыққа «сүйкімді қыз» атанып,
Қимас, сыйлас болдың сен
Жеңісгүл – жалғыз жеңгеңмен.
Ұл бала боп бастадың тіршіліктің жолдарын,
Жылан әкеп шошыттың елдің кемпір-шалдарын.
Балға, шеге, темірге бейім болып өстің де,
Кесте менен инеге онша үйір болмадың.
Айтқаным ғой ел-жұртқа тірліктің бір парасын,
Заңдылыққа ешқашан жүрмейді үкім, таласың.
Бір әулеттің ұлы боп дүрілдеткен, Мәрия,
Бүгін, міне, қыз болып ұзатылып барасың.
Бақытты бол, қарағым, одан өзге не дейін,
Үстем болсын қай-қашан абыройың, мерейің.
Ешкімді де ренжітпе, жыламай жүр өзің де,
Сенің шаттық жүзіңді қуанышпен көрейін.
Арманыңның аққуын тұнық көлге тарандыр,
Бақыт, байлық әкелсін сен көретін тамам жыл.
Құдай қосқан Нұрдыбек – күйеу бала ақжолтай,
Жазылмасын жұптарың, жайраң қағып аман жүр!
Енді бізге екеуің келтірмеңдер жаманат,
Өмір өзі біледі асылдарын бағалап.
Рамазан айында қабыл болар бар тілек,
Ал, құдалар, қызымыз сіздерге енді аманат!


Бүгінгі күн тигенменен тым ауыр,
Бақытыңның бастауы деп ұға біл.
Бір ауылың жылап артта қалғанмен,
Шашу шашып қарсы алады бір ауыл.

Əкең қалар, шешең қалар артыңда,
Қимастықпен тілек айтар халқың да.
Қыз - жат жұрттық, оған енді көнесің,
Жазылған заң ата-дәстүр, салтында.

Ең бастысы сыйла сүйген жарыңды,
Үлкендерден ал өнеге тəлімді.
Барған үйдің шуағына айналып,
Келін атан инбатты, дарынды.

Ол көргенің өз ұяңнаң ілгенің,
Үйренгенің,ойға тоқып білгенің.
Мәртебесі əкең менен анаңның,
Елге сыйлы келін болып жүргенің.

Баққа толы өтсін бірге күндерің,
Сәби сүйіп төрт бөлінсін түндерің.
Қаншалықты разы болса күйеуің,
Соншалықты ғажап өмір сүргенің!

Ұзатылып барасың бүгін қызым,
Болмасыншы жарығым мұңлы жүзің.
Бақ әкелсін аттаған ақ босағаң,
Тереңінен жайылып өмір гүлің.

Бізден кетіп барасың жан қызым сол,
Барған жерде әрдайым бақытты бол.
Өміріңнің базары тарқамасын,
Жаңа өмірің күн сыйлап шаттығы мол.

Қосағыңмен қоса ағар, сен күлімдеп,
Қайынжұртқа тамыр жайып, сіңіп сен.
Бұл анаңның тілегі қабыл болсын,
Саған арнап үндеген жүрегімен!

********

Ананың бар көңілі балада бұл,
Ойлайтұғын қашанда ұл мен қызын.
Бойжетіп, ұзатылып бара жатыр,
Қараңыздар, ағайын, бүгін қызым.

Көңілім мұңды болып үндегенмен,
Тілерім, тек бақытты болшы қызым.
Жаңа ұяң қабылдасын жатырқамай,
Хош иісті жайқалған гүлім, қызым.

Бақытты бол, ашылсын қызым бағың,
Бір өзіңе жар болып Жаратқаным .
Қуанышын, шаттығын сыйласын тек,
Шуағына тербелеп атар таңың!

********

Қызым менің қырмызым,
Маңдайдағы жұлдызым.
Ұзатылып барасың,
Баға жетпес құндызым!

Құтты болсын жан қызым,
Ұзатуың бүгінгі.
Қимай ұшып барасың,
Тастап бізді, үйіңді.

Қуанышты, шаттықты,
Болсын қызым әр күнің.
Барған жерге тұрақта,
Жарық болып жұлдызың!


Қызына ұзатуға әкесі тілектері:

Ұзатылып барасың бүгін қызым,
Бағың жансын жан қызым бақытты бол.
Әр қадамың оңды боп, құтты болсын,
Тербеп сені үнімен шаттығы мол.

Бар жақсыны тілеймін қызым саған,
Бар жерде жүр жаным есен-аман.
Жаратқаным жар болып бір өзіңе,
Сыйласыншы лайым бақыт саған.

Бұл әкеңнің тілегі қабыл болсын,
Барған жерде құлыным бағың жанып.
Қайынжұртты бақытты ет, бақытты бол,
Арман, тілек мақсатың орындалып...

********

Ұзатқан жақ қимайды қыздарын бұл,
Қимастықтың сезініп ызғарын бұл.
Құдалардың еліне табыстаймыз,
Күлімдейтін, жайқаяр қыз бағын бұл.

Бақытты бол жан қызым, бар тілерім,
Болмасыншы шырайлы жүзіңде мұң.
Жаратқаным жар болып бір өзіңе,
Жан дүниеңді тербесін ән менен жыр.

Қанаттарың талмасын сұлу қызым,
Барған жерде лайым бағың жанып.
Қосағыңмен қоса ағар бірге мәңгі,
Бұл әкеңнің тілегі қабыл болып.

********

Ей, уақыт-ай, уақыт-ай,
Зымырап қайда барасың?!
Ұзатқызып қызымды,
Ұлғайттың жан жарасын!

Кеше ғана кішкентай,
Қыз едің-ау жарығым.
Енді міне бойжетіп,
Оң, солыңды таныдың.

Бақытты бол, жылама,
Бағың жанып алтыным.
Қосағыңмен қоса ағар,
Шаттықты боп әр күнің!


Еліңе елеулі бол,
Халқыңа қалаулы бол.
Ата-енеңе жағымды бол,
Қайынаға, қайындарға қайырымды бол.
Ауылыңа айбарлы бол,
Күйеуіңе жайдарлы бол.


Аяулы қарындасым, бүгін өз үйіңнен жырақ кетіп, жаңа өмір есігіне қадам баспақшышың. Барған жеріңде бақытты бол, барған жеріңді бақытты ет. Өмірлік серігіңмен көтергелі жатқан шаңырақтарың биік болсын. Өмірдің қуанышын бірге көріп, бір бірлеріңе əрдайым демеу болыңдар.



Алтынымыз мақтанар,
Тілеуші едік басыңа
Болсыншы деп бақ қонар.
Сол сәт бүгін келіп тұр
Ақ тілекті ақталар.
Көлге біткен құрағым,
Өрге біткен шырағым.
Анаң сенің шаттанар,
Табылды деп сыңарың.
Әкең сенің мақтанар
Маздады деп шырағым.

Оң аяқпен аттандың,
Гүл бітсін қонған қияңа
Келіп жүр сүйген жарыңмен
Өзің ұшқан ұяңа!

Өмірдің өрлеп шықсын белесіне,
Мұхитқа жетсін жүзіп кемесі де,
Бір үйдің әлпештеген еркесі екен,
Ата менен сыйлы болсын енесіне.

Үлкенді қадірлеуден жалықпасын
Жарқылда жарыңның да тауып бабын.
Қадірлеп айналайын бір-біріңді,
Қырандай қия шыңға шарықтағын.

Тағдыр қосып табылыпты қосағың
Әлі ақталар жабдығыңмен жасауың.
Шаттықталар шаңыраққа айналсын
Керегесін кеңге жайып отауың.

Құтты болсын ақ қадамың
Келін болу жолы ғой қыз баланың
Барған жерде жақсы келін атанып
Қуанышын сыйласын әрбір қадамың.

Бекзаттарым-ай,
Жекжаттарым-ай,
Жекжат болып аулыма кеп жатқаның-ай!
«Бала бақытын қыздан іздейді,
Қыз бақытын түзден іздейді» жеген екен дана бабаларымыз. Біздің қызымыз бақытын сіздің шаңырақтан іздеп келді. Үлпілдеген үкіміз бізден - өтті, сіздерге – жетті. «Жібекті түте алмаған жүн етеді» дейді. Жүн етсеңіз де, гүл етсеңіз де ендігі жауапкершілік – Сіздерде, құдалар!

Міне, бүгін қызымыз ата-ана ұясынан ұшып, жүрегінің қалауымен өмірлік серігі ......(аты) қол ұстасып, қызығы мен қиындығы қатар үлкен өмір жолына аттанды. Сөйтіп ата-анасының өрісін кеңейтті.
Отбасын құру – үлкен абыройлы іс. Абыройлы іске биік рух керек. Барған жеріңде бағың ашылсын, шаңырағың биік, босағаң берік болғай! Екеуің қазақтың үлгі тұтар отбасына айналыңдар!

«Жолаушы мұраты - жету, қыз мұраты – кету» екенін ұғынғанымызбен, бауыр етінен жұлып алғандай етіп қызын өзге жұртқа аттандыру кімге болса да оңай емес екен. Дегенмен, теңін тауып, көңіл жарастырып, біздің, яғни ата-анасының, туған-туыстарының ризашылығымен кетіп бара жатқаны көңілге қуаныш ұялатады.

Қолымыздан ұшып бара жатқан қызымыздың қонған жері құтты болсын! Барған еліне тастай батып, судай сіңсін, көп балалы ана болып өркенін жайсын!

Құдай қосқан жарына бақ болып қонсын, қосағымен қоса ағарсын!

Құда-жекжаттарымызға айтарым, бір-бірімізге деген жылы ықыласымыз суымай,сыйластығымыз жоғалмай екі жастың қызығына кенелейік. Той сіздерге де құтты болсын! Екі жас бақытты, өмірлері ұзақ болсын!

Жаныңда жан - жарың, айналаңда етжақын туған - туыс, дос - жаран, бауырларың, артыңда қылықты қыз бен айбатты ұл, алдыңда жарқыраған күн тұрсын. Осылайша, төрт құбылаң түгел боп, еліңе сыйлы келін, салиқалы ене боп, ел анасына айналғайсың. Қосағыңмен қоса ағар. Үбірлі - шүбірлі боп, өркенің жайылсын!

Еріңнің қияға ұшуға қамданған қанатына қарқын беріп, көкжиекті қамтыған ой - өрісіне серпін беріп, көктегі ісін ептейтін, қатесі болса екшейтін, тарылған жолын кең қылып, кетігі болса септейтін сұңғыла жары болғайсың. Пейіліңді кең ұста, иманың мен ақылдың екеуін де тең ұста. Үйіңнің берекесі, еліңнің мерекесі бол.

Жаман келіншектің екі пышағы болады екен: біреуі қолында, біреуі – тілінде. Қолындағысымен нанын турайды, тіліндегісімен жаныңды турайды. Ал, жақсы келіншектің үш белгісі бар: жүзінде күлкі бар, қолында қонақ келгенде нан жаятын оқтауы бар, күйеуіне ашуы келгенде тілінде тоқтауы бар. Тіліне еге болады деген сөз ғой. Сондықтан тілек — екі пышағы бар емес, үш белгісі бар жақсы келіншек бол, айналайын!

Қызымыздың қонған жері құтты болсын! Денсаулығы мықты болсын! Жүрегі оның түкті болсын, сауған малы сүтті болсын! Өзге елде қадірі арта берсін! Енесі мен анасын бірдей көрсін, көпбалалы ана болып, гүлдей берсін!

Жас отау бүрін жарды жаңа гүлдеп,
Пенденің жетсем деген талабы көп.
Қадамың құтты болсын, құда - жекжат,
Отырмын мен де,
Сен де балалы боп.

Үмітпен ұл да өсірдік,
Қыз да өсірдік,
Дейтіндей құдалықтың міндетін ұқ.
Келінді өз қызымнан кем көрмеспін,
Жайласын жас отаудың іргесін құт.

Құданы мың жылдық деп айтпас бекер,
Қуаныш ортақ сізге,
Көңіл көтер!
Құдалар бір - бірімен тату болса,
Екі жас мұратына сонда жетер.

Болғанмен ұл менікі,
Қыз сенікі,
Екеуін тең көреді білген кісі.
Жатырмыз төсті төске түйістіріп,
Сыйластық –
Құдалықтың бір белгісі.

Бала - ортақ,
Жатсын, құда құрметтеп,
Құдалық - сын,
Ол да өзінше бір мектеп.
Қарсы аламын төбеге тік көтеріп,
Құда - жекжат жатса егерде іздеп кеп.

Екі бала бәрімізді сыйлы етсін,
Күйеу демен,
өз ұлым деп жүрмекпін.
Қызыңдай көр,
Құдаға айтар қолма қол,
Ал, құдағи білмей жатса үйреткін.

Құлаққағыс,
Айттым - құда назын жай,
Күй кернесін Құрманғазы сазындай.
Екі бала ортақ бізге, сондықтан,
Мың жылдыққа
Жүрсін құшақ жазылмай!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Ораза айт намазы уақыты Қазақстан қалалары бойынша
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!
Пікір жазу
Пікірлер 10
  1. қарындас қыз ұзату тілек
    2 + 1 -
    Ұзатылып барасың қарындасым,
    Барған жерде лайым бағың жансын.
    Әрбір күнің шуағына бөлеп сені,
    Арманың мен мақсатың орындалсын.

    Әр қадамың оңынан сәтті болсын,
    Қайынжұрттың өзіңе көңлі толсын.
    Бақытты бол қарындас, қарлығашым,
    Жаратқаным ырзығын беріп мол шын.

    Тамыр жайып тереңнен гүлдей жайна,
    Қарындасым қуана, күліп-ойна.
    Бақытты бол жұбыңмен қол ұстасып,
    Күнді жалғап күндерге, айды айға.
  2. сіңліме қыз ұзату тілек
    2 + 9 -
    Бақытты бол сіңілім,
    Құтты болып қадамың.
    Жаңа өмірің бақ сыйлап,
    Құлпыра бер бағалым.

    Жолың болсын сіңілім,
    Қосағыңмен қоса ағар.
    Тілейтінім өзіңе,
    Жан сіңлім сәт сапар...

    Тамыр жайып өркенде,
    Қайынжұртты таң қылып.
    Жаңа өмірің құлпырып,
    Ата берсін таң күліп.
    ////////////////////
    Ұзатылып барасың бүгін міне,
    Ай дидарлы ғажайып сұлу сіңілім.
    Жолың болсын бауырым жаңа өмірде,
    Шаттықты боп сіңілім әрбір күнің.

    Құтты болып қадамың әрбір басқан,
    Жан сіңлім тілеймін ашық аспан.
    Қосағыңмен қоса ағар, бақытты бол,
    Шын жүректен бауырым тілерім сол.

    Қайынжұртқа қалаулы, елеулі бол,
    Жаратқаным жар болып бір өзіңе.
    Қос аққудай жүріңдер бірге екеуің,
    Бақытты боп, жарқырап бұл өмірде.
    ----------------------
    Айналайын сіңілім, бақытты бол,
    Әрбір күнің жадырап, нұрын сыйлап.
    Құтты болсын қадамың әрбір басқан,
    Қуанышты, шаттықты үнін сыйлап.

    Бар жақсыны тілеймін жан сіңілім,
    Болмасын деп өмірде қайғы-мұңың.
    Күйеу бала екеуің бақытты бол,
    Сәттілікті күн сыйлап әрбір күнің.

    Тастай батып, судай сің бауырым сол,
    Сені мақтап, шаттансын ауылың сол.
    Ақ тілегін ұсынсып қайынжұртың,
    Ақ батасын жаудырсын қауымың сол.
  3. әпке қыз ұзату тілек
    6 + 3 -
    Бақытты бол, жан әпкем,
    Айдай жүзің күлімдеп.
    Қуанышқа бастасын,
    Жан әпкешім, күнің тек.

    Әрбір басқан қадамың,
    Құтты болсын жан әпкем.
    Жақсылығын сыйласын,
    Қуанышын әр көктем.

    Жұбыңызбен бақытты,
    Болыңызшы әпкетай.
    Бар жақсыны тілейді,
    Бұл ініңіз әпкетай!
    +++++++++++++
    Ұзатылып барасың бүгін әпкем,
    Бақытты бол, қадамың оңды болып.
    Күлім қағып жанарың, нұр ойнасын,
    Жаңа өмірің сәнді де, мәнді болып.

    Қалаулысы бол өзің, елеулісі,
    Қайынжұрттың көңілін аулап әпкем.
    Жаңашылдық, қуаныш нұр сыйласын,
    Жандүниеңе әпкетай, әрбір көктем.

    Әрбір басқан қадамың құтты болып,
    Бақытты күн сыйласын жаңа өмірің.
    Қол ұстасып әпкетай жездемменен,
    Қуанышқа бөлесін әрбір күнің...
    //////////////////////
    Ұзатылып барасыз,
    Әпкем менің, жан әпкем.
    Бүгін әпке өзіңді,
    Ән-жырыммен тербетем.

    Құтты болып қадамың,
    Бақытты бол жан әпкем.
    Күлімдесін жанарың,
    Асыл әпкем, жан әпкем.

    Бақытты бол жездеммен,
    Айдай жүзің күлімдеп.
    Бақыт, шаттық тілейді,
    Жан бауырың, інің тек.
  4. Әке тілегі
    Әке тілегі 28.05.2022 19:44
    2 + 3 -
    (қыз ұзату)
    Жақындатып екі ауылдың арасын,
    Бауыр етім, бізден ұзап барасың.
    Кеше ғана ойнақтаған ботам ең,
    Бой жетіпсің,
    Күні ертеңгі анасың!
    Кейде тар боп дүниенің кеңдігі,
    Кейде тағдыр сынайтыны белгілі.
    Жыла бүгін,
    Сыңсу айтып жылап ал,
    Жылатпасын өмір, дәйім, ендігі!
    Салтың сақта, дәстүріңді ұлықта,
    Қазақтығың – бабаң салған ғұрыпта.
    Қосағыңды қадірлей біл,
    Сен оның
    Қабырғасы екеніңді ұмытпа!
    Сендер көрмей соқпақтарды біз көрген,
    Айнымаңдар тура жолдан, іздерден.
    Жан-жарыңа жан жетпейді жалғанда,
    Кісі жары жақсы болсын жүз жерден!
    Қарыс – қарыс, сүйемді жұрт сүйем дер,
    Етегіңе ерсін ерке жиендер.
    Әкең осы – мал жимаған, ар жиған,
    Қолы қысқа «мынау – биең,.. түйең!» дер!
    Қандай ауыр осынау бір шақ десек,
    Бақшаңа кеп, егіп кетсін бақ көшет.
    Жолың мәңгі ақ болсын деп ырымдап,
    Ақ батамен аттандырдым ақ төсеп!
    ------Серік Сейітман
  5. Дархан Мұрат
    Дархан Мұрат 26.06.2021 12:19
    1 + 2 -
    Дәстүрімізді толық білетін, солардың мағынасын ашып өлеңмен жеткізе алатын жанкүйер админ барлығы қуанышты. Өзім де ақын болғаным үшін шумақтарыңыз бен еңбегіңізді биік бағалаймын. Алғыс сізге!
    1. Сырсулу.
      Сырсулу. 03.07.2023 00:44
      0 + 0 -
      Керемет
  6. Оқырман Мария
    Оқырман Мария 13.02.2021 22:15
    6 + 1 -
    Кушты маған өте ұнады рахмет көп көп
  7. Акбота Мубаракова
    3 + 3 -
    керемет маган унады. сизге отиниш синилимнин узату тоиына жаксы Бир олен шыгарып бере аласынба
  8. Улдана Балтабай
    1 + 3 -
    Jaksy jaksy tilekter bar eken
  9. Maksat Maksat
    Maksat Maksat 17.08.2015 16:01
    2 + 1 -
    Керемет