Ақыреттен интервью

Ақыреттен интервью

I- бөлім

- "Қайрат Нұртас? ", - деді таңырқай шыққан үнмен әлдебір наразылықты білдіріп. - "Оның сұхбатын өткен нөмірде ғана бермеп пе едік? "Жұлдыз, жұлдыз" деген сайын газетіміздің бетінен түспей-ақ қойды ғой".
- "Әбіл-ау, Қайрат Нұртас дегенің сұранысқа ие әнші. Оның сұхбатын күн сайын шығарсаң да халықты мезі қыла алмайсың. Редактордың айтуы солай ғой.. Маған нендей уәжің бар? Бейсауат әңгімеңді қой да, сол интервьюға кіріс. Жарты сағаттан соң "Конгресс холл" ғимаратында ән айтатын көрінеді. Уақытыңнан қалып қойма. Өйткен күнде бастықты білесің, жалақыңнан қысып қалатыны тағы бар.. Бар қалқам.. Соны бір жақты қыл.. " деп әлгіндегі әбігерге толы қағаздарын реттестіріп бола бөлім меңгерушісі де кабинеттен шығуға асықты.
- "Құдай-ай.. Ол сылқымға не сұрақ қоям? Басқасы болса бір сәрі. Қайрат Нұртастың бүткіл сырын халықтың біліп қойғаны қашан.. ? ",- деп әлсіз үнмен жауынан жеңіліс тапқан жауынгердей үнжұрғасын төмендетіп жинала бастады. Ендігі уайымы - діттеген обьектіде кем дегенде жарты сағатта болу. Шама-шарқынша редакциядан ағыла түсіп аялдамаға беттей берді. Іштей ашуға булықса да, өз ісін сүйіп орындайтын Әбіл - бұл жолы да беріле қоятын пендешілерден емес еді. Тек, ертерек ескертпеген тосын сұхбаттың ретін көз алдына елестете алмады. Не де болса белін бекем буып, бағытына сеніммен жөнелді. Дегенмен, жолында тосқауыл барын жас қаламгер сезген де емес. Ол бөгет - "50-ші" нөмірлі автобус көлігі болатын. Елорда аялдамаларында тұрып аталмыш бағыттағы жүргіншілер көлігіне уақытылы ілесе кету - бір ғанибет тұғын. Сәтінен кешіксең - жарты, кейде бір сағаттап күтуге мәжбүр боласың. Жол бойы жұлдызға арнайтын сауалын ойластыра келіп аялдамаға таяғанда, әлгі автобустың сұлбасы көрініп, "бірер сәттен соң жылжимыз" дегендей кейіппен үсігіс ойын жеткізіп үлгерді. Жылжымалы нысанасын кезіктіргенін сезіп, аздап ытқуға бағытталған автобусқа қарай жігіт те жүгіре жөнелді. Жетуге таяп қалып ед.. Бірақ, қозғалып кеткен көліктің тоқтауы қиын. Жете алмады.. Соңынан қуып аялдамадан ұзай бергенде жарыса кеткен ұзын жолдың торабына түсіп алды.. Екі жолаққа төселген сансыз темір тұлпарлардың арасында жалғыз өзі адам кейпінде. Қолында - қара портфель.. Кенет, арғы трасса бойымен зулап келе жатқан жеңіл көлікті байқамаса керек, маңдаймен маңдай түйіскен күйде Әбіл де ұша берді. Көк аспанды еркін кезген қыран құстай қанатын жая берді, жая берді.. Бірер сәттен соң темір соққан маңдайымен жерді де иіскеді.. Оқиға орнындағы куәгерлердің ортасында қап, сол сәтте жалғыз тілін бұрап айта алған соңғы сөзі - "әй, Қайрат-ай.. " дегендей әлсіз естілді ..

II - бөлім

- "О Алла-ай, белімнің қақсап, шыдатпауын қарашы.. Дәл қазір ұйықтатып жіберетін дәрі қабылдап, аздап мызғып алсам артық болмас ед.. мына бір азапты сезінгенше.." деп қапияда мүшкіл халге ұшыраған күйі жаны қиналып жата берді..
- "Ол дәріні не істемексің? Сен онсызда терең ұйқыдасың. Бірақ, сен қайта оянбауың да мүмкін !" деді зілді сөздерімен әлдебіреу нұқып айтқандай.. Айылын жиған құлдай дереу есін жия кетіп, көзін ашып кеп жіберді.
- "Бұ қайсың ей? Мұнда неге жарық жоқ?" деп сәл кідірді де ақырын, тіксінген жүзбен сөзін жалғады : - "Мен өзім қайдамын, досым? Сіз кімсіз?". Осы бір айтылған сөзін қисынсыздыққа балап лезде қолымен өз аузын қымтай қойды.
- Сен - бейшара пендесің, түсінікті ме? Өзіңнің әлгінде ғана ажал құшып ақыретке оралғаныңды білмеп пе ең? Енді Алла алдында жауап берер уағың келді. Мұндағы өмірің - фәнидегі жасаған амалдарыңа байланысты іске асады. Сол үшін дайындала бер, жұтаң пенде !
- "О-о, көке тұра тұрыңыз.. Мен журналиспін. Жібере қойыңызшы, дәл қазір Қайрат Нұртастан сұхбат алуым қажет болатын.. Уақытылы үлгермесем - жұмысымнан айырылып, арғы күнім кіл бақытсыздыққа құрылады.. Өтінем сізден, мені жайыма жібере қойыңызшы.. Сосын, мүмкіндік болып жатса, өзім келермін..", - деп бейтаныс көрінген әлдебіреуді елемеген қалыпта өз бостандығын сұрауды жөн көрді.
- "Ақымақ пенде, әбден дүние қуып ақыреттің бар-жоғынан беймағлұм болған жетесіз бейшарасың ! Дәл қазір қайда тұрғаныңды, тіпті, менің кім екенімді білмей тұрған әлсіз бейбақсың сен", - делінген өктем лепесін төтесінен қойды..
- "Мейлі, солай-ақ болсын.. Ал сіз кім болдыңыз сонда? Сосын, мына бір көмескі тартқан аумақ қандай жер болды екен? Қателеспесем, Шәуілдір емес пе? Жас кезімде бірнеше мәрте болғанмын. Аздап ұқсастығы бар екен.." деді де еркінси түскен үнімен әзілге айналдыра берді.
- Мен - бақилық болған мәйіттерді тергейтін періште Мункармын. Ал, әзілге айналдырып, күнәға белшеңнен батып тұрған осынау аймақты сендердің тілдеріңмен "О дүние" деп атайды. Ақымақ болмасаң, менің сөздерім - өкменіңнен өтуі тиіс! Ей, бейшара..
Мұндағы істің мән-жайынан толықтай бейхабар көрінген Әбіл - енді ғана есін жиған секілді. Бейтаныс сөзден соң "селк" етіп, айналасына зер сала бастады..
- "Құдайдың құдіреті.. Мен сонда шынында бақилық болғаным ба? Әлі тым жаспын ғой.. Аға, өтініш, кешірім бере гөріңізші..Бар ғұмырым - алда сықылды емес пе ед? Ешкімге арам ойым жоқ, өзіммен-өзім жүрген Әбіл едім. Тым құрыса балалы да болып үлгермедім.. Тұяқ көре алмадым.. Өтінем сізден, жібере гөріңізші.. " ,- ақтық сөзіндей естілген осы бір сөздерін шынында өкінішпен, әлдебір қорқынышпен айтты. Дегенмен, Алланың шексіз құдіретін әлі де болса жете түсіне қоймаған еді.
- Сен "өлдім" деп кейіме.. Алдағы шынайы, шексіз ғұмырдағы күніңнің қандай болмағын елестет. Қорқытса, сені сол қорқытсын. 20 жас ғұмырыңның бір сәтінде Аллаға иіліп сәждеге бардың ба? Сен ғаріп, тіпті күндердің сұлтаны - "жұмада", айлардың сұлтаны - "рамазан" қарсаңында да ғибадатқа ниет етпегенсің. Қане, жаратушы бұйырған бес парыздың қайсысын орындадың?
- Иа, оныңыз рас.. Ешқайсысын орындағам жоқ. Дегенмен, ешкімге қысастық көрсетпей, адал жолыммен мейлінше иманды болуға тырысып бақтым ғой. Ешкімнің ала-жібін аттаған емеспін. Ешкімді сыртынан ғайбаттағам да емен.. Бір сәт ойланып қараңызшы, менен қандай жаман адам?
- "Шардақ пенде, әлгіндегі әңгімеңнің бәрі де көпшілік адамның әдеттегі сылтауы. Сендердің ортақ дерттерің. Аллах Тағала сендерді уақытша аялдамаға тек сынақ ретінде жіберді. "Сынақтан сүрінбесін" деп "Құран кәрімді" түсірді. Әрбір аятынан мағына тауып, ғұмырларыңды тек Аллаға ғибадат етуге арнаған болсаңдар, шынайы әрі мәңгі өмірде жәннаттың бағында болуларыңа жаратушы кепілдік беріп ед.. Ал сен, өз бойыңнан "мін таппадым" деп сасқалақтап тұрсың. Ақтарар болсам, дәл мына сенің бойыңда мін асып-тасиды.. Барлық пенде - күнәһар. Сен де солардың санатынансың. Тек айырмашылықтарың - жасаған амалдарыңда. Маған сенбесең, көз алдыңа бірнеше мысалдарды тиеп көрсете алам..",- деді де Мункар деп таныстырған әлдебіреу Әбілдің жанына жарық сәуле қондырды. - "Мынаған назар аудар.. Сенің екі ай бұрын дүниеден өткен жан досың - Мансұр.. Ес білгелі мешіттен шықпай, жайнамазын құшақтап жүретұғын қарапайым жан еді. Сендер, достарыңмен жиылып оның намазхан күйін мазақ етіп, әлдерің жеткенше күнәлі істерге итермелеуге тырысатынсыңдар. Қинап, аузына ішімдік ішкізуге ниеттендіңдер. Бірақ, ол қабылдамады. Қолынан жетектеп жезөкше қыздарға да итермеледіңдер. Бірақ, ол кезде де нәпсісіне ерік бере қоймады. Сендерге де ренжіген жоқ. Мейлінше, уағыз айтып жүретін. Дегенмен, сөзіне құлақ түрмедіңдер. Міне, енді оның күйі .. ",-деп проектормен жарық түсіріп тұрғандай әлдебір ақшыл-жарық бейнеге назар аудартты. Бейненің ішінде әлгі кейіпкері ретінде таныстырған Мансұр жүр екен. Жан-жағы айтып жеткізуге келместей жарқын, әрі сұлу аймақ. Мұны көре сала жігіттің де көзі шарасынан шыға жаздады. Алып сұлулыққа таңырқай қарап, шамырқана берді. Тіпті, оның асқан сұлулығын сипаттайтын дүниежүзінде де ешқандай сөз жоқ . Оны - "жәннат" дейді.
- "Неееткен керемееет!", - дей берді өзге сөзге құрып қалғандай. Оның осы бір ләззатқа бөленген асау шағын Мункар да бөліп жіберді. Адам сөзімен жеткізсіз осы бір сұлу бейнені экранды сөндіргендей сап тыйдырды. Әбілдің жүзі алғашқыдан өзгере түскендей өз-көзіне сене алмады.
- "Ей, пенде, енді мына бір бейнеге қара. Бұл - сенің 3 жыл бұрын дүниеден өткен көршің - Есілбай. Дүние есігінен аттағалы бері тек арақтың соңын қуып еді. Соңына қарай немере көрер шағында өз қыздарын зорлап, ет-жақындарының бәріне масыл боп тынды.. Оның басты қателігі - жаратушының барына күмән келтірді.Уағыз айтылып жатқан жерден көз қарасын жоғалта берді. Ешкімді тыңдаған жоқ. Ақырында, арақ түбіне түсіп, өз анасын да пышақпен ұрып марқұм етті.. Арақ - сендердің қас дұшпандарың. Соны есте сақта. Дер шақтарыңда тәубелеріңе келіп имандарыңды түзеңдер. Әйтпесе, мына бір бейшараның күнін кешетіндерің ақиқат. Ал, төзімің жетсе қарап көр..",- деп әлгінде ғана ғажап жәннатты көрсеткен жарықтан - азабы мол, айтып жеткізсіз тозақ отын көрсетті. Әбілдің көзі тозақ отына жанған барша пенделердің күйін көруге мұршасы болмай, тек бір сәтке ғана үңіліп үлгерді. Әрі қарай жүрегі дауаламады. Сөйтті де, әлденені байқағандай өкіріп, өксіп жылай берді.
- "Мұнда жаныма жақын кеткен қанша жандар жүр.. Мұны білгенімде.. әй-әй, мұны білгенімде бар халыққа, бар адамзатқа жеткізер ем.. Әттеген-ай, өткен өміріме қайта оралып, барлығын басынан бастауға реті келгенде ғой.. О Жаратушы Алла, күнәға белшесінен батқан осы бір пендеңді кешіре гөр! Жалынып сұраймын, мүлдем жақсы жаққа түзелем. Айналамдағы сылтауға ерген жетесіз қауымды бір өзіңізге құлшылық етуге көндірем.. тек мүмкіндік беріңіз.. тек соңғы мүмкіндік.." деп жасқа толған көзін сүртпестен өкіріп егіле берді, егіле берді..

III - бөлім

Кенет, сабылысқан адамдардың айқай-шуынан көзін ақырын ғана ашып еді, арман еткен бағзы өміріне қайта түскенін түсінді. Сол бір күйбең өмір. Ақыреттен бейхабар сан миллион пенде жүздері.. Аллах Тағала - шексіз мейірімді және кешірімді. Ақтық сөзін айтып, шын күнәсін мойындап, тәубесіне келген Әбілді фәниге қайта жіберді. Журналистикалық міндетін соңына дейін атқарту үшін.. Қайрат Нұртастан емес, ақыреттен алынған сұхбатты жедел тарату үшін..
Апат болған орынға жиналған жамағаттың ортасынан суырылып шығып дереу ұялы телефонына жүгінді :
- Ало?
- Ало, әке..
- Иә, балам.. аманбысың?
- Әке, тездетіп намаз оқы.. Дәл қазір.. Анама да айт.. Мешітке ағылыңдар. Әлі де кеш емес..

-----

Осындай ауыр тақырыптағы дүниеге қалам тербегенім үшін бір Алла кешсін !

© Сағым Матқали

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Ораза айт намазы уақыты Қазақстан қалалары бойынша
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!